Қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, ойшыл, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай А.С.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханада «Абай сөзі – жүрекке жол» атты музыкалық-әдеби кеш ұйымдастырылды. Рухани мазмұны терең шараның негізгі мақсаты – ұлы ойшылдың әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қағидаларын дәріптеу, сондай-ақ, Абай шығармалары арқылы өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байыту.
Кеш жүргізушілердің құттықтау сөзімен ашылып, көрермен назарына Абайдың өмірі мен шығармашылық жолына арналған танымдық бейнеролик ұсынылды. Бейнероликте ақынның өмір белестері, шығармашылық мұрасы мен қазақ руханиятындағы орны жан-жақты қамтылып, көпшілікке тағылымды мәліметтер берілді. Бұдан кейін қатысушылар арасында ақынның өмірі мен еңбектеріне қатысты танымдық сұрақ-жауап ұйымдастырылып, белсенділік танытқан оқырмандарға естелік сыйлықтар табысталды. Бұл бөлім қатысушылардың қызығушылығын арттырып, олардың Абай шығармашылығы жөніндегі білімін толықтыра түсті.
Іс-шараның мазмұнды бөлігінде «Феномен» мектебінің ұстазы, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының өкілі Асылзат Асқанбекқызы Абайдың қара сөздерінің тағылымдық мәніне тоқталып, олардың бүгінгі қоғамдағы өзектілігін жан-жақты талдады. Сондай-ақ, ол Санжар Керімбайдың «Бейсенбай және әдеби майдан» кітабындағы тұжырымдарға сүйене отырып, ұлы ақын мұрасының рухани тәрбиедегі орны мен ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызы туралы кеңінен әңгімеледі.
Ол Абай мұрасын оқу – өткенді тану ғана емес, бүгінгі қоғамның рухани сауығуына бастайтын маңызды жол екенін атап өтті.
– Абайды тереңірек оқып, оның мұрасын жастардың санасына кеңінен сіңіре алсақ, қоғамдағы көптеген рухани мәселелердің алдын алар едік. Ақынның әрбір қара сөзі мен әрбір шығармасы адамды ізгілікке, білімге, еңбекке, ұлттық рухты сақтауға үндейді. Сондықтан Абайды дәріптейтін осындай тағылымды кездесулер мен әдеби кештердің жиі ұйымдастырылуы – ұлт болашағына жасалған маңызды қадам, – деді ол.
Кеш барысында кітапхана қызметкерлері Үкілімай, Айәсем, Хорлан және Арай Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақын шығармаларындағы терең ой мен көркем сөздің құдіретін көрерменге әсерлі жеткізе білді. Олардың орындауындағы поэзиялық композициялар әдеби кештің мазмұнын байытып, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.
Музыкалық бөлімде «Ернұр» әлеуметтік кешенді оқу орталығының жетекшісі Ұлжалғас Советханқызы жетекшілік ететін домбырашылар ансамблі Абайдың әндері мен халық күйлерін орындады. Домбыраның қоңыр үні мен ақын әндерінің әуезі әдеби кештің мазмұнын тереңдете түсіп, ұлттық өнер мен руханияттың сабақтастығын айқын көрсетті. Көрермендер өнерпаздардың орындауына жылы ықылас білдіріп, ерекше әсер алғандарын жеткізді.
Шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс айтып, Абай мұрасын ұлықтауға арналған осындай мәдени-рухани кездесулердің жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыруда, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруда және рухани құндылықтарды дәріптеуде маңызы зор екенін атап өтті. Кеш естелік суретке түсумен қорытындыланып, қатысушылар жүректерінде ұлы ақын мұрасына деген құрмет пен тағылымды ой қалдырды.
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
