Каспий теңізінде болған қайғылы жағдай баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Ел үшін қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің өмірі мен қауіпсіздігіне қатысты кез келген жағдай қоғамды алаңдататыны сөзсіз.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы жиын өткізіп, Қорғаныс министрлігінің алдына нақты міндеттер қойды. Президент әрбір әскери қызметшінің қауіпсіздігі мен өмірі сөзсіз басымдыққа айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл – жай ғана тапсырма емес, Қарулы Күштердегі қызметті ұйымдастыруға қойылатын басты талап.
Мемлекет басшысы қорғаныс саласында жүйелі реформалар жүргізілетінін айтты. Әскери бөлімдердегі тәртіп пен қауіпсіздік талаптарының сақталуы, командалық құрамның жауапкершілігі, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғау мәселелері жан-жақты қаралуы керек.
Президенттің жұмыс тәсілі белгілі: мәселені анықтап қана қоймай, оның нақты шешімін талап етеді. Сондықтан бұл бағытта ешқандай жеңілдікке жол берілмейтініне және қабылданған шешімдердің соңына дейін жеткізілетініне сенім бар.
Реформа жоспарын қазан айының екінші жартысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қарау жоспарланып отыр. Демек, қазіргі міндет – болған жағдайға баға берумен шектелмей, одан тиісті қорытынды шығарып, мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алатын жүйелі шараларды іске асыру.
Әскер – мемлекеттің қорғаны. Ал Отанды қорғаған азаматтың өмірі мен қауіпсіздігі мемлекет үшін ең жоғары құндылықтардың бірі болуы тиіс.
Мемлекет басшысының осы бағыттағы ұстанымы нақты. Ең бастысы – тәртіп, жауапкершілік және адам өмірінің қадірін бірінші орынға қою. Президенттің істі соңына дейін жеткізетініне сенеміз.
