Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкіметте өткен брифингте қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі туралы айтты.
Саясат Нұрбек қазір Астанадағы онкологиялық орталық базасында клиникалық сынақтардың екінші кезеңі жалғасып жатқанын мәлім етті.
«Бұл жерде дозаны анықтау, яғни ағзаның үлкен және кіші дозаға реакциясы тексеріліп жатыр. Біз жыл соңына дейін осы жұмыстарды аяқтап, дәріні алдын ала тіркеуге ұсынуға тырысамыз. Оның өзіндік процедурасы бар. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Дәрілік заттарды тіркеу ұлттық орталығы бізге барынша көмектесіп жатыр.
Олар клиникалық сынақтардың екінші кезеңінің расталған нәтижелерін күтіп отыр. Біз оларды растап, жүктеген бойда барлығы қайта тексеріледі және осы дәріні тіркеуге өтінім бере бастаймыз. Біз қазір соңғы қадамға жақын тұрмыз», — деді министр.
Оның айтуынша, алдымен препаратты Қазақстан аумағында, одан кейін ЕАЭО елдерінде ресми тіркеу міндеті тұр. Содан соң дәріні халықаралық нарыққа шығару жұмыстары басталады.
